Жаңалықтар

Алматы облысында құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Алматы облысында Құтқарушылар күні қарсаңында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлер марапатталды. Оларға «Құтқарушы», «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін» медалі мен Алматы облысы әкімінің «Алғыс хаты» және өзге де марапаттар табысталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Құтқару қызметі – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін айрықша сала. Олар жедел көмек көрсетумен қатар, қауіптің алдын алуға бағытталған күнделікті тынымсыз жұмысымен де ерекше қадірлі. Жоғары кәсібилік, шұғыл шешім қабылдай білу және үйлесімді әрекет қатердің бетін қайтарып, адам өмірін аман алып қалуда шешуші рөл атқарады. Осы жауапты міндеттерді сапалы орындау үшін құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың қызмет етуіне қажетті жағдайды қамтамасыз ету де маңызды. Бұл бағытта өңірімізде жаңа өрт сөндіру деполары мен бекеттерін ашуға, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғыртып, мамандардың кедергісіз жұмыс істеуіне көңіл бөлінуде», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Жыл басынан бері облыс бойынша 5 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Ал өткен жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 9 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл төтенше жағдай кезінде көмекке уақытылы жетуге мүмкіндік береді. Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта да құтқару қызметінің әлеуетін арттыру, қажетті инфрақұрылымды дамыту және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру жұмыстары жалғасын табады.

Мереке қарсаңында марапатқа ие болғандардың бірі – Әбікен Мәкетов. Ол Құтқару қызметінде 35 жыл бойы еңбек еткен. Қатардағы өрт сөндірушіден бастап, полковник лауазымына дейін көтеріліп, бүгін «Еңбек ардагері» төсбелгісін иеленді.

«Бұл – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Барлық кезде намысқа тырысып, адамдардың амандығы үшін жан берісіп жұмыс істедік. Біз қызмет еткен жылдар материалдық-техникалық база әлі жетілмеген кездер еді. Ал қазір төтенше жағдай кезінде қолғабыс болатын құрал-жабдықтың бәрі бар. Құтқарушы қызметіне тек жүрекжұтқан, батыр азаматтар ғана келеді. Сондықтан барлық азаматтық қорғау саласының саңлақтарын айтулы мерекемен құттықтаймын», – деді сала ардагері.

Shares:

Related Posts

Жаңалықтар

Алматы облысында Республика күні қарсаңында 35 азамат мемлекеттік марапатқа ие болды

Алматы облысында Республика күні қарсаңында мұғалім, дәрігер, жұмысшы маманы және өзге де сала үздіктерінен құралған 35 азамат марапатталды. Оларға «Парасат», «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі, сондай-ақ «Мемлекеттік
Жаңалықтар

Алматы облысында еліміздің ең биік нүктесінде орналасқан туристік нысан ашылды

Алматы облысының «Ой-Қарағай» тау-курортында Қазақстанның ең биігінде орналасқан туристік нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңалықтар

Алматы облысында биыл 10 тонна сексеуіл тұқымы жиналады

Биыл Алматы облысында 10 тонна сексеуіл тұқымын жинау жоспарланып отыр. Жиналған дәнек алдағы айларда 2 мың гектар аумаққа себіледі. Қазіргі таңда ол үшін жер жыртылып, дайындалды. Ал өзге ағаш түрлерінен
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *