Саясат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады

Мемлекет басшысына ұлттық компания қызметінің 2026 жылғы нәтижелері және алдағы жылдарға арналған жоспары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі

Президентке тұрғындарды және ел экономикасын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ QazaqGaz ұлттық компаниясының 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына толық дайындығы туралы мәлімет ұсынылды.

Әлібек Жамауов Мемлекет басшысының геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1 және Аққұдық, Придорожное учаскелерінде жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның ірі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру барысы баяндалды. Қуаты жылына 1 миллиард текше метр көгілдір отын өңдеуге жететін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Өндіріс нысанын пайдалануға беру мерзімі 2027 жылдың ІІІ тоқсанына жоспарланған. Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары қолға алынып, құрылыс-монтаждау кезеңі басталды. Жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдеуге қауқарлы Қашаған газ өңдеу зауыты және жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобалары бойынша ЕРС-мердігерлер анықталды.

Сондай-ақ «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы салаға цифрлық шешімдер енгізу жөнінде ақпарат берді. Aqyl Energy бастамасы аясында жасанды интеллект пен деректерді талдау элементтерін қолдана отырып, газбен жабдықтауды есепке алу және басқару үдерісін цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Газды есепке алуға арналған 1,3 миллионнан астам аспап интеллектуалды есептегіштерге кезең-кезеңімен ауыстырылуда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық компанияның жоспарымен танысты. Соған сәйкес, солтүстік өңірлерге – Көкшетау және Петропавл қалаларына көгілдір отын жеткізу, газ-моторлы отын нарығын дамыту, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін аз тонналы зауыт салу, 4-ші жерасты газ қоймасының құрылысын жүргізу жұмыстары басталды.

Кездесу соңында Президент жылыту кезеңінде тұрғындарды және экономиканы көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз ету, тауарлы газ қорын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Shares:

Related Posts

Саясат

«Алмалы өнімдері»: Қонаев қаласында жаңа сауда сөресі ашылды

Қонаев қаласындағы «Айша Сити» базарында «Алмалы» өнімдері павильоны ашылды. Онда жергілікті шаруалар өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынады. Ет, сүт өнімдері, көкөніс пен басқа да азық-түлік түрлерін нарықтағы бағадан 10–15 пайызға
Саясат

Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралады

Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының қызметіне кешенді талдау жүргізіліп, олардың жұмысының тиімділігі мен халыққа қолжетімділігі қайта қаралады. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы әйелдер
Саясат

Алматы облысында 5 жаңа мектеп ашылып, күрделі жөндеуден өткен 10 білім ошағы пайдалануға берілді

Білім күнінде Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бес жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *