Саясат

Биыл Алматы облысында 510 шақырым жол жөнделеді

Алматы облысында автомобиль жолдарын жөндеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл ұзындығы елу шақырым болатын облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Оған 16,6 млрд теңге қаржы бөлінген.

Атап айтқанда, «Есік–Саймасай (Александровка)» автожолының 11,8 шақырымында асфальтбетон жабыны толық төселіп, жұмыстардың 95%-ы орындалды. Ал, «Алмалыбақ (Киз)–Жетісу» автожолының 18,1 шақырымындағы жөндеу жұмыстары 70%-ға аяқталды. Сондай-ақ “Алматы-1 – Шамалған станциясы – Ұзынағаш” автожолының 19,5 шақырымында жұмыстар 65%-ға орындалды.

Бұдан бөлек Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, нысан пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 551,5 млн теңге.

Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы «Приканальная БАК» автомобиль жолының 54,8 шақырымында орналасқан Түрген өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Су шайып кеткен өткелді қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 23,4 шақырым болатын 6 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 3 нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.

Жолдарды күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға 6 мердігер ұйым, 151 арнайы техника және 164 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды.

Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды 2026 жылы аяқтау, ал 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген.

Қазіргі уақытта биылға жоспарланған жұмыс көлемінің 63%-ы немесе 322,4 шақырымы жол жөнделді.

Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары облыстың барлық аумағында жалғасуда. Атап айтқанда, Қарасай ауданында жұмыстардың орындалу деңгейі 78%, Іле ауданында 77%, Жамбыл ауданында 75%, Еңбекшіқазақ ауданында 70%-ды құрайды.

Сонымен қатар, Іле ауданындағы «Боралдай–Шіліккемер» автомобиль жолының екі учаскесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның орындалу деңгейі 70%, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын жаңарту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.

Shares:

Related Posts

Саясат

Алматы облысында «Кеген – Нарынқол» автожолы жаңарып, жаңа жанар-жағармай бекеті ашылды

Республика күніне орай Алматы жол инфрақұрылымын дамыту және жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған қос бірдей жоба халық игілігіне берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Саясат

215 млн теңге табыс: Алматы облысының өнімдері елордадағы жәрмеңкеде жоғары сұранысқа ие болды

Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен Алматы облысының шаруалары Астанада өткен жәрмеңкеде 215 млн теңге табыс тапты. Олар елордалықтарға 180 тонна ауыл шаруашылығы өнімін ұсынып, тиімді бағада саудалады. Бұл туралы
Саясат

Алматы облысының Нарынқол ауылында заманауи емхана мен ветеринариялық зертхана ашылды

Республика күніне орай Алматы облысының Райымбек ауданында қос бірдей жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Саясат

Алматы облысында былтырдан бері 2536 отбасы баспаналы болды

Алматы облысында 2025 жылдан бері 3181 пәтер сатып алынып, осы уақытқа дейін оның 2536-сы әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға үлестірілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *