Без рубрики

Қонаевта бірнеше жыл бойы аяғында ине жүрген әйелге ота жасалды

Науқас МӘМС жүйесі арқылы тегін медициналық көмек алған

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында ерекше жағдай тіркелді. Бірнеше жыл бойы тізе тұсында тігін инесімен жүрген әйелге сәтті ота жасалды, деп хабарлайды Mandat.kz Алматы облыстық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

46 жастағы қала тұрғынының айтуынша, соңғы екі жылда тізесі сырқаттап, сүйек жарығына ұқсас белгілер байқалған. МРТ тексерісі кезінде оның тізе буынында бөгде зат – ине бары анықталған. Науқастың өзі иненің қай кезде кіргенін білмейтінін айтады.

«МӘМС жүйесінде сақтандырылғандықтан, ота тегін жасалды. Барлық ем-шара толық жоспарлы түрде өтті», – деді науқас Бақыт Ахметжанова.

Дәрігерлер инені сәтті алып тастап, науқас бірнеше күн ішінде аяғына тұрған. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы, үйіне шығарылған.

Аурухана дәрігерлері жаз мезгілінде жарақат алу жағдайлары көбейетінін ескертеді. Әсіресе балалар арасында қауіп көп.

«Жарақат алған жағдайда науқастар МӘМС жүйесі арқылы жоспарлы немесе шұғыл түрде ота жасата алады. Тек сақтандыру мәртебесін тексергені жеткілікті», – дейді дәрігер-травматолог Камиль Жалалов.

Мамандар тұрғындарды сақтандыру жүйесіне белсенді қатысуға және денсаулығына бейжай қарамауға шақырады.