Без рубрики

Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері тегін магистратурада оқи алады

Құжаттарды қабылдау 25 маусымға дейін жалғасады

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2025 оқу жылына құжат қабылдауды бастады. Бұл туралы оқу орнының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Мәлік Асанов мәлімдеді, деп хабаилайды Mandat.kz.

Академия магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 11 білім беру бағдарламасы аясында талапкерлерді қабылдайды. Құжаттар 25 маусымға дейін «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде қабылданады.

2025 жылғы қабылдау науқанының ерекшелігі – магистратураға түсушілер үшін қойылатын талаптардың күшейтілуі. Атап айтқанда, үміткерлердің мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы шарт. «Мемлекеттік басқару (MPA)» бағдарламасына – 5 жыл, «Мемлекеттік саясат (MPP)» бағытына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі.

Академия биыл «Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа білім беру бағдарламасын іске қосты. Сонымен қатар, ақылы негізде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен ведомстволық ұйым өкілдері де оқуға түсе алады.

«Әрбір бағдарлама бойынша нақты салалық талаптар қарастырылған. Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – 28 маусым мен 1 шілде аралығында, екінші кезең – офлайн сұхбат форматында 8–23 шілде аралығында өтеді. Қабылдау нәтижелері 25 шілдеде жарияланады», – деді Мәлік Асанов.

Мемлекеттік басқару академиясы — еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға маманданған жетекші жоғары оқу орны. Оқу тегін, конкурс негізінде жүзеге асырылады.