Без рубрики

Биыл Алматы облысында 8 мыңнан астам жол ережесі бұзылған

«Қауіпсіз жол» және «Құқық тәртіп» акциялары барысында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге 8029 хаттама толтырылған

Алматы облысында 2025 жылдың алғашқы төрт айында жол қозғалысы ережесін бұзудың 8 мыңнан астам дерегі тіркелді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Абдинур Тасыбаев брифингте мәлім етті.

Оның айтуынша, көрсеткіш «Қауіпсіз жол» және «Құқық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында анықталған. Бұл рейдтердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көше мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін күшейту.

«Жүргізілген іс-шара барысында облыс аумағында 8029 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Нәтижесінде 249 көлік айыптұраққа қойылып, 407 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды», – деді Абдинур Тасыбаев.

Сонымен қатар, сәуір айының соңында өткізілген «Құқық тәртіп» акциясы кезінде 62 қылмыс тіркеліп, оның 41-і кезекші тәулікте ашылған. Барлығы 2714 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталған.

Полиция департаментінің мәліметінше, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек ішкі істер органдарының емес, мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті.

«Президент жариялаған «Профилактика жылы» аясында барлық бағыттағы кешенді іс-шаралар жалғасады. Жол қозғалысы мәдениетін арттыру мен құқық бұзушылықтың алдын алу – басым міндеттердің бірі», – деді Абдинур Тасыбаев.

Жергілікті полиция қызметі жүргізушілерді жолда мұқият болуға, жылдамдықты асырмауға және жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырады.