Без рубрики

Қонаев қаласында 105 жастағы соғыс ардагері Оксана Бетебаеваға құрмет көрсетілді

Алматы облысының ТЖД өкілдері ғасыр жасаған ардагердің шаңырағына арнайы барды

Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қонаев қаласының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Оксана Бетебаеваға Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті арнайы құрмет көрсетті.

105 жасқа келген ғасыр куәгерінің шаңырағына Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Дәурен Дәулетқанұлы барып, гүл шоғын ұсынып, арнайы тарту-таралғы табыс етті.

«Ғасыр жасаған, заманның сырласы болған асыл әжемізді көру – үлкен бақыт. Біз бүгінде бейбіт өмірде өмір сүріп жатсақ, ол – кеудесін оққа тосқан ардагерлердің арқасы. Осындай тұлғалардың ғұмыры – ұрпаққа үлгі, тағылым», – деді подполковник Дәурен Оразбеков.

Оксана Демидовна 1920 жылы Украинаның Полтава облысында дүниеге келген. Жастайынан медицина саласын меңгеріп, 1941 жылы майданға алынып, №1668 әскери госпитальде мейірбике ретінде қызмет атқарады. Жауынгерлердің жанын аман алып қалуға бар күшін жұмсаған ол, ауыр жарақатпен түскен бір қазақ сарбазымен танысады. Кейіннен бұл жауынгер – Бекежан Бетебаев — оның өмірлік серігіне айналады.

Соғыстан кейін ерлі-зайыпты Жаркент пен Іле ауданында өмір сүріп, екі бала тәрбиелеп өсіреді. Өкінішке қарай, Бекежан аға 1969 жылы соғыстан алған жарақат салдарынан өмірден өтеді.

Бүгінде Оксана апа қызы Нинаның қолында бейбіт өмір сүріп отыр. Ол өзіне құрмет көрсетіп, арнайы құттықтап келгендерге алғысын айтып, батасын берді.