Жетісу облысының Сарқан ауданында алғаш рет майлы зығыр егу жұмыстары басталды. Бұл туралы Mandat.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Ғалым» шаруа қожалығында 100 гектар алқапқа «Лирина орташа» сорты егілген. Шаруашылық бұған дейін жүгері, соя, арпа және бидай өсіріп келген. Жаңа дақылдың майлылығы 50%-дан жоғары деп күтілуде, ал өнімділігі гектарына 20-25 центнер болады деген жоспар бар. Облыс аумағында майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың болуы шикізатты өткізуге жол ашып отыр.
Аудандағы «Жұмағали» шаруа қожалығында да көктемгі дала жұмыстары қарқынды. Биыл алғаш рет қант қызылшасын 38 гектарға еккен. «Конвиза Смарт» тұқымы пайдаланылуда. Мемлекеттік қолдауға ие бұл дақылдың көлемін келесі жылы арттыру көзделіп отыр. Шаруашылық заманауи техниканың арқасында бір күнде 30 гектар алқапты игере алады.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісуда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 65%-ы өңірде қайта өңделеді. Қант саласы — басым бағыттардың бірі. Былтыр өңірде 8 сервистік-дайындау орталығы ашылып, 30 шаруашылыққа 2,5 млрд теңгеге 62 техника сатып алу мүмкіндігі берілген.
Сарқанда жұмыс істеп тұрған 6 орталықтың техникасымен биыл қызылша алқаптары 900 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 3,8 мың гектарға жетпек.
Жалпы, 2025 жылы Жетісу облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 45 млрд теңге бөлініп, оның 27 млрд теңгесі — субсидиялар ретінде қарастырылған.