Саясат

Алматы облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 330%-ға артты

Биыл Алматы облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 58 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда, 4,3 есеге немесе 330,3%-ға өсті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірге Франциядан негізінен химиялық өнімдер, машина жасау жабдықтары, электротехникалық бұйымдар мен тамақ өнеркәсібі тауарлары импортталады. Мұны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренжемен кездесу барысында айтты.

Жиында сондай-ақ өңір мен Франция арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Қазақстанға тартылған француз инвестициялары негізінен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-химия, көлік, авиация, құрылыс, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және қызмет көрсету салаларына бағытталған. Алматы облысында да ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Soufflet» компаниясы құны 10 млн доллар болатын арпа өндіру жобасын жүзеге асырды. «Danone» компаниясы 6 млн доллар қаржыға йогурт дайындайтын екінші желіні іске қосуды жоспарлап отыр.

Жиын барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды әрі қарай ілгерілету мәселесі де сөз болды. Мәселен, екі жыл бұрын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ халқының көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған қорытынды іс-шара өтті. Онда «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Ал Талғар қаласында француз ғалымы Луи Пастердің құрметіне көше атауы берілген. Білім саласында Париждегі «Gioma Tirell» және «Eliza Lemonier» колледждерімен халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Аймақ басшысы осы келісімнің негізінде оқыту курстарын ашуды ұсынды.

Бұдан бөлек, туризм саласындағы байланысты арттыру жайы да жиынның негізгі тақырыбына айналды. Алматы облысының туристік әлеуеті зор. Осы ретте Марат Елеусізұлы Францияның озық тәжірибесін облыстың туризм инфрақұрылымын дамытуға тартуға мүдделі екенін жеткізді.

«Алматы облысының қолайлы климаты мен өзге де мүмкіндіктері кәсіпкерлерге өте қолайлы. Сондай-ақ өңір жаңашылдыққа әркез ашық әрі сенімді серіктестіктік орнатып, бірлескен жобаларды іске асыруға әрқашан дайын. Бүгінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз француз инвесторларының өңірімізге деген сенімін жоғары бағалаймыз және бұл қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді аймақ басшысы.

Бас консул Максим Жеренже Қазақстан Франция үшін Орта Азиядағы басты серіктес екенін атап өтті. Су ресурстары мен энергетика, білім беру, әсіресе гастрономия мен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға толық мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ француз компанияларының Алматы облысына қызығушылығы жоғары екенін жеткізіп, болашақта ауқымды жобаларды Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында іске асыруға ниетті екенін айтты.

Shares:

Related Posts

Саясат

Алматы облысының Нарынқол ауылында заманауи емхана мен ветеринариялық зертхана ашылды

Республика күніне орай Алматы облысының Райымбек ауданында қос бірдей жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Саясат

Шетелде білімін жетілдірген дәрігерлер Алматы облысы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде

Алматы облысында Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жетекші медициналық ұйымдарының клиникалық базаларында білім алып, біліктілігін арттырған мамандардан құралған мобильді медициналық топтардың жұмысы жалғасуда. Дәрігерлер аудан тұрғындарына мамандандырылған консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіп, жергілікті
Саясат

Алматы облысында тұқым жинау науқаны басталды

Алматы облысында шренк шыршасы, жиде және өзге де ағаш түрлерінен тұқым алынуда. Қазірдің өзінде мамандар бір жарым тоннаға жуық дәнек жинады.Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазан
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *