Мазмұнға өту
21 ноября 2026, Суббота +2° Алматы USD 455,00 EUR 498,77 RUB 5,56
Шұғыл
Жаңалықтар

Алматы облысында жасөспірімдерді есірткі мен құмар ойыннан қалай сақтандырып жүр?

«SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында осы тақырыптар мен суицидтің алдын алуға арналған 16 семинар өтті

Бөлісу
XTelegramWhatsApp

Алматы облысында 1 500-ге жуық мектеп оқушысы мен колледж студенті полицейлермен, психологтармен және тәуелділік мәселелері жөніндегі мамандармен кездесті. Жастар құрдастары есірткі ұсынса, одан қалай бас тартуға болатынын, интернеттегі құмар ойынға тәуелділіктің алғашқы белгілерін қалай байқауға болатынын және қиналғанда кімнен көмек сұрау керегін талқылады. «SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында осы тақырыптар мен суицидтің алдын алуға арналған 16 семинар өтті.

Психологтар қолдауды қажет еткен 30-ға жуық баламен жеке жұмыс істеді. Әр баланы не мазалайтынын және оған қандай көмек қажет екенін білу үшін мамандар арнайы сауалнама жүргізіп, балалармен оңаша сөйлесті.

«Әсіресе психологиялық қолдауды қажет ететін балалармен жеке жұмыс жүргізуге мән бердік. Өйткені кейде баламен дер кезінде сөйлесіп, оның мәселесін тыңдаудың өзі үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін», – дейді «SAQTAN» әлеуметтік жобасының жетекшісі Әділет Айтқазы.

Облыстық полиция департаментінің 2026 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша ұсынған дерегіне сүйенсек, өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты 341 қылмыс тіркелген. Семинарларға департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты. Олар синтетикалық есірткінің адам денсаулығы мен психикасына зиянын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін түсіндірді. Жасөспірімдер полицейлермен күмәнді ұсынысты қалай тануға болатынын, қауіпті ортадан сақтану және құрдастарының қысымына қарсы тұру жолдарын талқылады. Сондай-ақ есірткіні заңсыз сақтау мен таратқаны үшін қандай жауапкершілік көзделгенін білді.

Құмар ойынға тәуелділік мәселелері жөніндегі кеңесші Алмат Саргызов интернетте ақшаға ойнаудың қаупіне тоқталды. Ол ойынға әуестіктің қалай тәуелділікке айналатынын, оның адамның қаржылық жағдайына, оқуына және жақындарымен қарым-қатынасына әсерін түсіндірді. Жастармен бірге тәуелділіктің алғашқы белгілерін, өзін-өзі бақылау және көмекке дер кезінде жүгіну жолдарын талқылады.

Психолог Мөлдір Әнуарқызы жасөспірімдермен күйзелісті еңсеру, эмоцияны басқару және өзіне деген сенімді нығайту туралы сөйлесті. Суицидтің алдын алуға арналған кездесуде ол психологиялық қысымға тап болғанда немесе қиындықты жалғыз еңсеру ауыр болғанда ата-анаға, мұғалімге не психологқа жүгінудің маңызын айтты.

Кездесулерде оқушылар мен студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ақпараттық материалдар алды. Ұйымдастырушылар алдағы семинарлардың мазмұнын жоспарлау үшін жастардың зиянды әдеттерге көзқарасын да сауалнама арқылы зерделеді. Жоба жетекшілерінің айтуынша, жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, қиын жағдайда өз бетінше шешім қабылдауына көмектесу үшін ата-аналар, білім беру ұйымдары, психологтар мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы маңызды.

«SAQTAN» жобасын 2025 жылдан бері «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып келеді. Жоба аясында вейпингтің алдын алуға арналған семинарлар, түнгі профилактикалық рейдтер, ақпараттық кездесулер, спорттық және қоғамдық іс-шаралар да өтеді. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты есебінен іске асады. Бастамаға Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *