Без рубрики

Алматы облысында «Жастарды қолдау» кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Кеңес мүшелері студенттерге арналған жаңа жатақхананың құрылыс барысымен танысты

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттері биыл жаңа жатақханаға көшеді. 200 орындық нысанның құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Аталған жоба «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы аясында таныстырылды.

Қоғам белсенділері мен жастар ұйымдары өкілдерінен құралған кеңес мүшелері нысанды аралап, құрылыс сапасына назар аударды. Арнайы топ жобадағы кемшіліктер мен толықтыру қажет тұстарға байланысты ескертулер жасап, жауапты тараптарға нақты тапсырмалар берді. Құрылысты 31 шілдеге дейін аяқтап, қолданысқа беру көзделіп отыр.

«Партияның сайлауалды бағдарламасындағы жастар үшін мүмкіндіктер бағыты – “Сапалы білім алу үшін жағдай жасау” міндетімен тығыз байланысты. Осы орайда көшпелі кеңес отырысы барысында колледж жатақханасының құрылысын тексердік. Қоғам белсенділері бірқатар техникалық ескертпелер берді. Кеңестің негізгі мақсаты – жастар үшін білім, жұмыс, инфрақұрылым бағытында қолға алынған жобалардың орындалуын нақты бақылау. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.

Көшпелі отырыс барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көзделген жастар саясаты бағыттарының іске асырылу барысы да сөз болды. Құжатқа сәйкес, биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына 1365 жасты тарту жоспарланған. Кеңес мүшелері 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, жастарды жұмыспен қамтуға қатысты бастамаларға басымдық берілетінін жеткізді.