Алматы облысында республикалық VIII «Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне елдің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, бапкерлер және жанкүйерлер қатысты, деп хабарлайды Mandat.kz.
Биылғы ойындар он күнге созылады. Жарыс бағдарламасына 20 спорт түрі енгізіліп, ауылдық жерлерден шыққан дарынды спортшыларға кәсіби спортқа жолдама алуға мүмкіндік береді.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
«Ақ бидай – ауыл спортының дамуына серпін беретін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік. Биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан үш мыңға жуық ауыл спортшысы қатысып отыр. Бұл дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ынтымақ пен достықты нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.
Ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту тапсырмалары аясында Алматы облысында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Өңірде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен айналысады. 2025 жылдың басынан бері жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 1336 медаль жеңіп алған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ақ бидай – 2025» ойындары өңірлер арасындағы спорттық байланыстарды нығайтып, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.



