Қазыбек бек ауылында газ құбыры 2011 жылы тартылғанымен, жүйе 13 жыл бойы іске қосылмаған. Ауыл тұрғындары бірнеше рет уәде берілгенімен, жобаның жүзеге асарына күмәнмен қарап келген. Биыл мәселе түбегейлі шешімін тауып, автоматандырылған газ тарату станциясы іске қосылды.
Жобаны жүзеге асыру үшін 6,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға бес елді мекен мен оларды біріктіретін газ тарату станциясы салынды. Станцияның тәуліктік қуаттылығы – 15 мың текше метр. Аталған жобаның арқасында 3 015 аула, 26 бюджеттік мекеме және 14 665 адам көгілдір отынға қосылуы тиіс.
Аудан әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда бес ауылдағы 700-ге жуық аула газға қосылып үлгерген. Бұл – жалпы көрсеткіштің шамамен 23 пайызы. Ішкі жүйелерді тарту жұмыстарын бірнеше мердігер мекеме атқаруда. Газға қосылу құны әр үй үшін 160 мыңнан 250 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленген.
Станцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев бұл жобаның тек тұрмыстық қолайлылықпен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрақты газбен қамту ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инвестиция тартуға жол ашады.
«Газдың пайда болуы – шағын бизнесті дамытуға, өндіріс ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік. Бұл – тұрақты өсім мен жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам. Қазыбек бекпен бірге тағы бес ауыл газбен қамтылады», – деді Әсет Масабаев.
Ал бұл жобаның іске асуына тұрғындардың көтерген мәселесі мен партия тарапынан көрсетілген нақты қолдау негіз болды.
«Аудан бойынша газдандыру мәселесін тұрғындармен бірге талқылап, ұсыныс-тілектерін жинадық. Солардың бірі – ауылдарды көгілдір отынмен қамту болатын. Бүгінде 61 елді мекеннің 36-сы газға қосылған, бұл – 59 пайыз. Ал 31 мыңнан астам тұрғын үйдің 81,7 пайызы табиғи газ пайдаланып отыр. Бүгін Ақтерек ауылында газ беру арқылы көптен күткен мәселе шешімін тапты. Бұл – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген нақты іс. Жұмыс бұдан әрі де жалғасады», – дейді партияның Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ықылас Амалбек.
Айта кету керек, қазіргі уақытта 157 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адамды қамтыды. Бұл облыстың жалпы халқының 77%-ын құрайды. Жыл соңына дейін тағы 12 елді мекенде газ тартылу жоспарланған. Оған 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Тағы 1,4 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бағытталған.