Новости

«Бізге білікті мемлекеттік қызметшілер керек» – Нұрсұлтан Сейдалиев

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Ақылбекұлы Сейдалиевпен сұхбат

– Нұрсұлтан Ақылбекұлы, мемлекеттік қызмет туралы сіздің пайымыңыз қандай?

– Мемлекеттік қызмет — ұғым, ұғым – ол таным. Танымның адам болмысына тікелей әсер етуші фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның мемлекеттік қызметшілері арқылы тануға болатынын аңғарамыз. Өзінің ісінде, қызметі барысында тұсындағы халықтық ахуалға терең ой жүгіртіп, қоғам өмірінің рухани және әлеуметтік жағдайын ескере отырып шешімдердің жиынтығын меңгергенде, жүзеге асыратында – мемлекеттік қызметшілер.

– Мемлекет басшысының Жолдауында да бұл мәселеге айрықша тоқталғаны белгілі.

– Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек», – деп айтылған. Бұл сөздерді терең аңғарсақ, түсінетініміз анық.

– Мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Ғасырлар өткелінде халыққа, ұлттық таным-түсінігімен есте қалар, жадынан кетпейтін мемлекеттік қызметшілер болған. Өзінің кәсібилігімен, біліктілігімен «Мемлекеттік қызметші» ұғымы мен танымы түсінігі әр межеде кадрлық әл-ауқатты, қаңқаны сақтап отырды.

Қазіргі жаһандану заманында Тұғырлы Еліміздің мемлекеттік қызмет саласында кемел әрі тегеурінді, сапалы кадрлардың қажеттігі сезілетіні анық.

– Адам әлеуетін дамыту жайында не айтар едіңіз?

– Жалпы, адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі. Сапалы болмысы терең басшылардың кадрлық болашағын тиімді қадағалау – мақсатты болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әр деңгейде құрылған кадрлық резервтердің жүйелі жұмысын айқындау, жаңа буын өкілдерімен белсенді жұмыс атқарылуы мен қатар ырғаққа түсіру – ақыл-ой мен парасаттың ісі десек болады.

– Қазіргі уақытта кадрлық резервтің рөлі қандай?

– Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру – ел дамуының маңызды шарттарының бірі. Осы тұрғыда кадрлық резервті қалыптастыру – мемлекеттік қызметтің үздіксіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып табылады.

Кадрлық резерв – бұл болашақта мемлекеттік лауазымдарға тағайындау үшін іріктелген, кәсіби және білікті мамандар тобы. Олар белгілі бір даярлық пен тәжірибе негізінде жоғары немесе жауапты лауазымдарға дайындалады. Бұл жүйе меритократия қағидатын жүзеге асыруға, яғни лайықтыларды ілгерілетуге бағытталған және мемлекеттік қызметтің тұрақты дамуы мен сапалы кадрлық әлеуетін қалыптастырудың негізгі механизмі.

– Агенттік бұл бағытта қандай бастамаларды жүзеге асырып жатыр?

– Бұл жүйе арқылы басқарушылық лауазымдарға кәсіби, білікті әрі ынталы мамандарды даярлап, мемлекеттің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға болады. Сондықтан кадрлық резервті дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы Жазықбайдың өзі: «Мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет «ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік қызметшілер осы қағиданы ескеріп жұмыс тәсілін өзгертетін болса, жаңа мәдениет олардың бойынан көрініс табары анық», – деп атап өткен болатын.

– Қорытынды ретінде не айтар едіңіз?

– Үдерістер мен қоғамдық даму – сапалы менеджментті, креативті көзқарастарды талап етеді. Бұл – әлемдік тәжірибе мен қоғамдық пікірталас тақырыптарынан белгілі. Болжамды экономика мен сервистік мемлекет бағдарына тікелей жауап бере алатын мамандар қажет.