Профилактикалық іс-шаралар Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ Қарасай, Іле, Талғар және Жамбыл аудандарында ұйымдастырылды. Рейдтер кезінде жастар жиі жиналатын қоғамдық орындар, мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары қамтылды.
Негізгі назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алуға, ойын-сауық орындарында заң талаптарының сақталуына және жасөспірімдерге алкоголь, темекі мен вейп өнімдерінің сатылуына жол бермеуге аударылды.
Түнгі рейдтердің нәтижесі қандай?
Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, төрт ай ішінде жүргізілген тексерулер нәтижесінде 175 әкімшілік хаттама толтырылған.
Оның ішінде 79 хаттама кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне, 61 хаттама балаларды қараусыз қалдыруға, 12 хаттама ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауына байланысты рәсімделген. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бойынша 20, ал кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылыққа қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмегені үшін 26 ата-анаға ескерту берілген.
Жоба өкілдерінің айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – құқық бұзушыларды жазалау емес, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты тексерулермен қатар балаларға, ата-аналарға және ойын-сауық орындарының әкімшіліктеріне заң талаптары түсіндіріліп, профилактикалық әңгімелер жүргізіледі.

«SAQTAN» жобасының нәтижесінде қандай өзгерістер бар?
Жоба жетекшісі Әділет Айтқазы соңғы уақытта ойын-сауық орындары әкімшіліктерінің жауапкершілігі артып, кәмелетке толмағандардың заң талаптарын бұзу жағдайлары азая бастағанын атап өтті.
«Біз байқаған оң өзгерістердің бірі – 2025 жылмен салыстырғанда биыл ойын-сауық орталықтарында заң талаптарын бұза отырып жүрген кәмелетке толмағандар санының азаюы. Бұл – жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі деп есептейміз. Қазіргі таңда ойын-сауық орындарының басшылары мен әкімшілері де өз жауапкершілігін жақсы түсініп, «Заң және тәртіп» қағидатын қолдауға басымдық беріп келеді. Олар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде заңсыз болуына жол бермеуге көбірек көңіл бөлуде», – дейді Әділет Айтқазы.
Айта кетейік, «SAQTAN» әлеуметтік жобасы 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі бағыттары – жастар арасында нашақорлықтың, суицидтің, лудоманияның, вейпингтің және өзге де зиянды әдеттердің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жоба аясында түнгі рейдтермен қатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері, профилактикалық семинарлар, спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
«SAQTAN» әлеуметтік жобасын «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында, Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырып келеді.




