Жаңалық

Балқаш ауданында Мәжіліс депутаты тұрғындармен кездесті

Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин және «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев ауданға жұмыс сапарымен келді.

Іссапар аясында аудан әкімі Азат Құтпанбетовтің қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында халықпен кездесу өтті. Жиынды аудан басшысы жүргізіп, алғашқы сөз кезегін Мәжіліс депутатына берді.

Кездесу барысында Максим Рожин Мемлекет басшысының ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту жөніндегі ұстанымына тоқталып, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, жол, интернет және тұрғын үй мәселелерін шешудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуда су мәселесінің шешуші рөл атқаратынын айтты.

Жиын барысында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев өңірдегі егін шаруашылығының негізгі мәселесі су тапшылығы екенін айтып, Іле өзеніне үрлемелі су қоймасын орнату қажеттігін ұсынды. Оның айтуынша, бұл «Тасмұрын» және «Бақанас» магистралды каналдарындағы су деңгейін көтеруге мүмкіндік берер еді.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров Бақанас ауылында Іле өзенінің жағалауын су шайып жатқанын жеткізіп, тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу үшін жағалауды бекіту мәселесін көтерді.

Аудан әкімі Азат Құтпанбетов аталған мәселелердің бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін және оларды шешу бағытындағы іс-шаралар жоспарда бар екенін айтты.

Келесі сөз кезегінде «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына тоқталды.

Кездесу соңында Максим Рожин көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына өз тарапынан ықпал ететінін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында қонақтар аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйлерді, тарихи-өлкетану музейін және күрделі жөндеуден өтіп жатқан М. Сеңгірбаев атындағы орта мектептің құрылыс жұмыстарын аралап көрді.