Жетісу облысы Ветеринария басқармасында вакцинациядан бастап анықтама беруге дейінгі барлық жұмыс электронды форматқа көшірілген. «Цифрландыру» мал шаруашылығын қалай бақылауға көмектеседі? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев айтып берді.
Бүгінде бұл қызметтің мамандары аула-аула аралап, малды қолмен дәптерге жазбайды. Барлық дерек – вакцинациядан бастап анықтама беруге дейін – электронды форматта. Ал ветеринарлар планшетпен жұмыс істейді.
Облыста 3 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары бар. Барлығы да цифрлық дерекқорға енгізілген. Әрбір жануардың «паспорты» малдың саулығын бақылауға, вакцинацияны жедел жүргізуге және аурудың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
2023 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «TortTulik» атты мобильді қосымшаны іске қосты, қазір ол толық қуатында жұмыс істеп тұр. Сол арқылы мал иелері жаңа туған төлдерді тіркей алады, малды сойғанын, сатып алғанын немесе сатқанын белгілейді, ветеринарлық паспорттарға тапсырыс береді және ақпаратты жаңарта алады. Бүгінде мал иелері бұл сервисті белсенді пайдаланып отыр.
Планшет – ветеринардың жаңа құралына айналды. Мамандарға 200-ден астам планшет берілген. Шаруашылықтағы малды қарап жүргенде, олар бірден деректерді базаға енгізеді, тіпті интернет уақытша болмаған жағдайда да. Байланыс аймағына оралған соң, барлық деректер автоматты түрде жүйеде жаңартылады.
Ең бастысы – ет қауіпсіздігі. Жетісу өңірінде етке ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізетін арнайы модуль жұмыс істейді, ол 96 нысанды: базарларды, қасапханаларды, зертханаларды қамтиды. Барлық тексеріс нәтижелері, анықтамалар мен хаттамалар бірыңғай модуль арқылы рәсімделеді, бұл қағазбастылықты жояды.
Нәтижесінде, соңғы бір жылдың ішінде, мысалы, бруцеллез ауруы 89%-ға азайды. 2025 жылы өңірде жануарлардың аса қауіпті ауруларының бірде-бір ошағы тіркелмеді. Бұл – дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін цифрландырудың жемісі.
Инновацияны дамыту инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар жүруде. Соңғы үш жылда облыста 72 ветеринарлық пункт пен бір станция салынды, арнайы автокөліктер, тоңазытқыштар, генераторлар, биологиялық қалдықтарды жою қондырғылары, сондай-ақ биомассаны өртеу модульдері сатып алынды. 2024 жылы 26 модульдік пункт пайда болды, 2025 жылы тағы 17-сі қосылады.
Жетісу тәжірибесі көрсеткендей, ветеринарияны цифрландыру – жай ғана қолайлылық емес. Бұл – адамдар мен жануарлардың денсаулығы, өнімнің қауіпсіздігі, дағдарыс кезінде жедел әрекет ету. Ең бастысы – әр фермер мен әр сиыр артында нақты жүйенің тұрғанына сенімділік. Соның нәтижесінде ауру азаяды, қауіпсіздік артады, еттің сапасы жоғарылайды. Демек, өңір тұрғындарының денсаулығы сенімді қорғалған.



