Қоғам

Заң мен тәртіп: Алматы облысында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған жоба жүзеге асуда

Сала мамандары мен ардагерлер жастармен еркін форматта кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауында көтерілген «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру бастамасы аясында Алматы облысында жастармен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында өңірде 20-дан астам кездесу ұйымдастырылып, 1 мыңға жуық жас қамтылды.

Іс-шаралар «Заң мен тәртіп үстемдігі – тұрақтылықтың кепілі» тақырыбында өтті. Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздеген жобаның маңызы зор. Бұл бастама құқыққа қайшы әрекеттерге — есірткі саудасы, вандализм, лудомания сынды теріс құбылыстарға қарсы тұруға бағытталған.

«Бұл жұмыстар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен қоғамдық тәртіптің, азаматтардың заңдарды сақтау маңыздылығын түсінуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерге теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында нәтижелі кездесулер өткізілді. Онда осы бағытта жастарға терең ой салатын сала майталмандары шақырылды. Мұндағы мақсат – жастардың ережеге бағынып, тәртіпті болуға бағыттау. Олар өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әрекеттерден арылуы керек», – дейді Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Шыңғыс Мұқашев.

Кездесулер облыстың барлық өңірлерін қамтыды. Жастармен өткен сұхбаттарда Полиция департаменті, прокуратура, Антикор қызметкерлері мен сала ардагерлері тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушыларға құқық бұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік туралы нақты мысалдар келтіріліп, заңсыз әрекеттерге жол бермеудің жолдары түсіндірілді.

«Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттердің бірі. Бұл салада талай жыл еңбек сіңірдік. Ел арасында іріткі салатын, қоғамға қауіп төндіретін құқықбұзушылық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ол үшін аға буын тәрбиесі аса маңызды. Әрбір заңға қайшы жағдайлардың салдары, жазасы болады. Мұны жастар ұғынуы қажет. Өйткені, оның азаматтардың келешегіне ғана емес, ұлттың тағдырына тікелей әсері бар», – дейді полиция ардагерлерінің төрағасы Қалижан Алпысбаев.

 

Кездесулерге Алматы облыстық прокуратурасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіберік Әділбеков, облыс прокурорының көмекшісі-бөлім бастығы Алмас Жалғасов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин, Полиция департаменті кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанар Көптілеуова сынды білікті мамандар қатысты. Олар жастармен еркін форматта тілдесіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға өз үлестерін қосты.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасады. Мақсат – заңды құрметтейтін, жауапты әрі тәртіпті жас ұрпақ қалыптастыру.