Қонаев қаласында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Абай Құнанбайұлының бюст-ескерткішіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараны «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ұйымдастырды, деп хабалайды Mandat.kz.
Акция барысында жастар ескерткіш тұғырын жуып, айналасындағы шөптерді шауып, күл-қоқысты жинады. Айналаны абаттандырумен қатар, тарихи нысанның сыртқы келбетіне ерекше көңіл бөлінді.
Белсенділердің айтуынша, ескерткішке маркермен жазу жазылып, бояу жағылған. Бұл олқылықты жастар өз күшімен жойған.
«Абайдың тас мүсініне тас жүрекпен қарауға болмайды. Біреулер тұғырына жазу жазып, бояп кеткен. Бұл – бір адамның емес, бір ұрпақтың деңгейі көрінетін жер. Қолымызға шүберек алып, ысқылап, жуып шықтық. Бірақ мәселе бояуда емес. Мәселе – санада», – дейді белсенді Меруерт Тілек.
Айта кетейік, «Жастар рухы» белсенділері «Таза бейсенбі» аясында Қонаев қаласында жағалау аумақтары, саяжай алаптары, парк пен скверлер, сондай-ақ жалғыз тұратын қарттардың үйлерінің маңайында да тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді.