Жетісу өңірінде қазірдің өзінде қала тұрғындарының 100 пайызы, ауыл тұрғындарының 99,5 пайызы сумен қамту қызметіне қол жеткізген. Ал жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтуға жататын 331 елді мекеннің барлығы немесе 694,2 мың адам орталық ауыз су жүйесіне қосылады деп күтілуде, деп хабарлайды Mandat.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022–2024 жылдары өңірде 420,5 шақырым су құбыры жаңартылып, 24 ауылда ауыз судың сапасы жақсарған. Қаратал ауданының Бесагаш, Бірлік, Алакөл ауданының Бибақан, Тоқжайлау ауылдары алғаш рет орталық су жүйесіне қосылды. Әсіресе, Қаратал ауданындағы ең шалғай Көпбірлік ауылының жағдайы жақсарды.
«Ауыз су – денсаулық кепілі, сондықтан оның сапасы аса маңызды. Соңғы бірнеше жылда біздің ауылда су мәселесі күрделі болды. Денсаулыққа зиян тигізетін тұзды суды ішуге мәжбүр болдық. Қазір бұл мәселе шешілді. Халық риза. Біздің ауылға келетін, 30 жылда бір рет жөндеу көрмеген жолды да ретке келтірді. Енді 1,5 сағатта асықпай аудан орталығы Үштөбе қаласына жетеміз. Ауылымызға бұдан былай да көңіл бөлінеді деп ойлаймын», – деді Көпбірлік ауылының тұрғыны Зәмзәгүл Несіпбаева.
Сапалы ауызсуға қол жеткізгендердің қатарында Текелі қаласының тұрғындары да бар. Бұған дейін қалаға ауызсу Шажа мен Қора өзенінен тартылып, ескі сүзгі стансасынан өтетін. Көктем-жаз мезгілінде су лайланып, ішуге жарамсыз болып, тұрғындардан жиі шағым түсетін.

2024 жылы бұл мәселені шешу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, сүзгі стансасының жабдықтары жаңартылды. Екі резервуар (3000 м³), 16,5 шақырым құбыр, 392 ысырма орнатылды. Қазіргі уақытта пуско-наладка жұмыстары жүріп жатыр, толық аяқталуы мамырға жоспарланған. Сонымен қатар 400 млн теңгеге су жүйесінің ішкі желілерін жаңарту басталды.
Сарыөзек ауылында 2008 жылдан бері 4 кезеңдік жаңғырту жүргізілген. Қазір 178,6 шақырымдық жүйенің 22 шақырымы төселіп, жұмыс жалғасуда. Жоба аяқталған соң ауызсудың сапасына қатысты көпжылдық мәселе толық шешіледі.
Лепсі ауылында су жүйесін тарту үшін республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, құрылыс басталды. Жыл соңына дейін ауыл орталық су жүйесіне қосылады.
Ал Алакөл ауданының Бибақан ауылы бұған дейін су сорғысымен өмір сүрген. Орталық су жүйесі мүлде болмаған. Қазір ауылда жаңа су құбыры тартылып, мәселе шешілді.
«Бұрын суды аулаға орнатылған су сорғыштан алатынбыз. Сондай-ақ бақша мен көкөніс алқабын суаруға су үнемі жетпей қалатын. Әсіресе жазда суды үнемдеу керек болды. Былтырдан бері ауылымызға су тартыла бастады. Қазір суымыз таза, жұмсақ, қысымы жақсы. Халыққа қажетті жағдай жасалып жатыр, әсіресе ауыз су мәселесінің шешілгеніне қуаныштымыз», – деді Бибақан ауыл тұрғыны Қапиза Хамитова.
2025 жылы Жетісу өңірінде су жүйесін салу және жаңарту бойынша 18 жоба жүзеге асырылуда. Қоңыр, Ұмтыл, Қопалы, Жиделі ауылдары да орталық су жүйесіне қосылады. Бұл 2604 тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартады.
Жыл соңында Жетісу облысындағы 358 елді мекеннің ішінен 331-і толық орталық су жүйесіне қосылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ауызсу – тек инфрақұрылым емес, бұл – халықтың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш. Облыста бұл мәселе алдыңғы қатарға шығарылып отыр.