2025 жылы халыққа медициналық қызмет көрсетуге республикалық бюджеттен 2,96 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 1,63 трлн теңге сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) бағытталған. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова хабарлады.
«Көпшілік емханада тек сақтандырылғандар ғана қабылданады деп ойлайды. Алайда МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізімі бар», – деді ол.
ТМККК шеңберінде келесі қызметтер тегін көрсетіледі:
- жедел медициналық көмек және санитарлық авиация;
- учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер қызметі, профилактикалық тексерулер, иммунизация;
- туберкулез, ЖИТС сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау және емдеу;
- күндізгі стационар және стационарлық көмек (жоспарлы және шұғыл жағдайда);
- туберкулезге қарсы оңалту;
- паллиативтік көмек (арнайы тізім бойынша);
- қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету, патологиялық-анатомиялық зерттеулер;
- орган трансплантациясына арналған өлімнен кейінгі донорлық шаралар.
Сонымен қатар, кейбір созылмалы аурулар бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар жеңілдікпен амбулаториялық түрде ұсынылады.
Бұл қызметтер Қазақстан азаматтарына, қандастарға, босқындарға, тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қолжетімді. Ал уақытша тұратын шетел азаматтары мен баспана іздегендерге жұқпалы аурулар кезінде ғана көмек көрсетіледі.
ӘМСҚ Алматы облыстық филиалы сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмек көрсетуден заңсыз бас тартылған жағдайда әр емхана мен ауруханада жұмыс істейтін Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге кеңес береді. Егер мәселе жергілікті деңгейде шешілмесе, өтінішті Қордың ресми арналарымен жолдауға болады.