Алматы облысының Қонаев қаласында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған республикалық «OILAN» жастар форумы өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 100 жас қатысты. Форум алаңы жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, зиянды әдеттерге қарсы қоғамдық сана қалыптастыруды мақсат етті.
Форум «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — жастарға арналған профилактикалық мазмұндағы іс-шаралардың маңызды бөлігі.
«Бұл іс-шара — жастардың есірткіге қарсы саналы көзқарасын қалыптастыруға және олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды. Жас буынның бойында жаман әдеттерге қарсы иммунитетті қалыптастыруда мұндай форумдардың берері мол. Кезекті шарамызда біз көздегенімізге жеттік. Мұны қатысушылардың белсенділігінен байқадық», – деді Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Мерей Әубәкір.
Шара барысында қатысушылар мотивациялық дәрістер тыңдап, сала мамандарымен еркін форматта пікір алмасты. Форум жұмысына Бастапқы психикалық денсаулық орталығының меңгерушісі Назым Сейтқазинова, психологиялық лаборатория меңгерушісі Мөлдір Әміртай және Есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Ауез Райымбеков қатысты. Спикерлер есірткіге тәуелділікпен күрестегі заманауи тәсілдер, психологиялық қолдаудың маңызы және алдын алу шаралары туралы кеңінен түсіндірді.
Қатысушылар белсенділік танытып, өз көзқарастарын білдірді. Жастар салауатты өмір салты мен зиянды әрекеттерден бас тартудың маңыздылығы жөнінде ой бөлісіп, мұндай форумдардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «OILAN» сынды профилактикалық бағыттағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Облыста жастардың психологиялық денсаулығын нығайту және қоғамдық жауапкершілігін арттыруға арналған жаңа бастамалар әзірленіп жатыр.