Қоғам

Қарасай ауданында 70-тен астам студент зиянды әдеттердің зардабын талқылады

Қаскелеңде еріктілер есірткі жарнамасы бар ондаған граффитиді өшірді

«SAQTAN» жобасы аясында жастар суицид, есірткі, құмар ойындар мен буллингтің алдын алу жолдарын мамандармен бірге талқылады, деп хабарлайды Mandat.kz.

Қарасай ауданына қарасты Қаскелең гуманитарлық колледжінде жастардың өміріне қауіп төндіретін өзекті мәселелер қозғалған ақпараттық-танымдық жиын өтті. Шараға 70-тен астам студент қатысып, түрлі психоәлеуметтік тәуекелдер туралы білікті мамандардан кеңес алды.


Кездесу барысында қатысушылар мен сала сарапшылары еркін форматта пікір алмасып, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік және суицидтің себеп-салдарын жан-жақты талдады. Психологтар мұндай жағдайлардың көбіне жасөспірімдердің ішкі күйзелісі, отбасындағы қарым-қатынас және әлеуметтік орта әсерінен туындайтынын атап өтті.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, психикалық денсаулық мамандары, тәуелділікке қарсы кеңесшілер мен жастармен жұмыс істейтін психологтар шақырылып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Нашақорлыққа немесе ойынға тәуелді болып кету бір күнде болмайды. Көбіне адам ішкі уайымын ешкіммен бөлісе алмай, жалғыз қалады. Суицид те сол – шығатын жол жоқ деп ойлаған сәттің салдары. Осындайда жаныңда тыңдайтын, түсінетін бір адам болса – көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз жастарға ұрсып емес, сөйлесіп, қолдау көрсетуіміз керек», – дейді Бастапқы психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлеп емдеу бөлімшесінің басшысы м.а Думан Қырықбаев.

Жастардың қазіргі жағдайына қатысты ресми статистика да алаңдатарлық. Алматы облысында 430 мыңнан астам жас бар, бұл – өңір халқының шамамен 28 пайызы. Соның ішінде 26 мыңнан астамы – NEET санатындағы жастар, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және ешбір әлеуметтік бағдарламамен қамтылмаған топқа жатады.

Жоба үйлестірушісі, «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы жастар арасындағы қауіп-қатерлердің алдын алу үшін жүйелі, өңірлік деңгейдегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі ахуал нақты әрі тұрақты профилактикалық бағдарламаларды қажет етеді.

«Өткен жылы облыста 21 суицид фактісі мен 32 суицид әрекеті тіркелді. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жастар тарапынан 2 184 қылмыс жасалып, оның 485-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына енген. Бұл көрсеткіштер жастармен тұрақты негізде жұмыс жүргізу қажеттігін дәлелдейді. «SAQTAN» жобасы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі», – деді жоба жетекшісі Әділет Айтқазы.

Бағдарлама алты кезеңнен тұрады. Тек түсіндіру жұмыстары ғана емес, спорттық сайыстар, әлеуметтік бейнероликтер дайындау, есірткі жарнамасына қарсы шолулар мен түнгі рейдтер де қарастырылған. Бұл әрекеттер жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, ақпараттық және психологиялық қолдауды арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, Қаскелең қаласындағы еріктілер есірткі жарнамасына қатысты қауіпті контентті жою жұмысын қолға алды. Нәтижесінде қала ішіндегі ондаған жұмысқа шақыру сылтауымен есірткі таралуын насихаттайтын граффити жойылды.

Шара соңында жастар мотивациялық қолдауға да ие болды. Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Бекжан Сүнбеков пен киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионы Медет Ажибек жастармен ашық әңгіме жүргізіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, «SAQTAN» жобасы жаз бойы өңірдің 9 ауданы мен 2 қаласында кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, жоба 2 мыңнан астам жасты тікелей, 50 мыңға жуық адамды жанама түрде қамтиды.