Алматы облысының Қарасай ауданында 7 ауылды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы жүргізген тексеріс барысында белгілі болды, деп хабарлайды Mandat.kz.
Қазіргі таңда Жаңатұрмыс және Қаратөбе ауылдарында су жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, жобалардың жалпы құны – 1,3 млрд теңгеден асады. Қалған Елтай, Жармұхамбет, Шалқар және Қайрат ауылдарында да құрылыс басталған. Аталған жобаларға биыл 1,8 млрд теңге бөлінген, ал толық аяқтау үшін жалпы 5,1 млрд теңге қажет.
«Сайлауалды бағдарлама аясында Алматы облысында 2023–2027 жылдары 56 ауыл мен 2 қалада сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту жоспарланған. Бүгінде Қарасай ауданындағы бірнеше ауылда жұмыс басталып кетті. Партиялық бақылаудың міндеті – құрылыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалау», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Атшабаровтың айтуынша, Жаңатұрмыс ауылындағы жұмыстар 2025 жылдың мамыр айының соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар, Кемертоған ауылындағы ауыз су жүйесін қайта жаңғыртудың бірінші кезеңіне арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 4,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Сумен қамту бойынша маңызды жобалардың бірі – Қаскелең топтық су құбыры. Бұл жүйе іске қосылғанда 1 қала мен 17 ауыл, соның ішінде Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Жалпақсай, Алмалыбақ, Көлді және Мерей ауылдары таза ауыз суға қол жеткізеді.
Партия өкілдерінің айтуынша, ауыз сумен қамту – сайлауалды уәделердің басым бағыттарының бірі. Сондықтан әрбір жоба партиялық бақылау аясында мұқият тексеріліп отырады.