Өңірде білімге, ғылымға және ізгілікке құштар жас буын өсіп келеді. Солардың қатарында болашағынан зор үміт күттіретін оқушылар – BIL лицейінің 9-сынып оқушысы Серікбай Тайжан мен NIS мектебінің 8-сынып оқушысы Саматов Нұрғиса бар.
15 жастағы Тайжан математика, информатика және ағылшын тілдерін ерекше ықыласпен меңгеріп, робототехникаға қызығып жүр. Қазіргі уақытта ол ақылды үй жүйесіне арналған шағын құрылғы жасап, мектепішілік көрмеде сәтті қорғап шықты. Тайжан тек ғылыммен шектелмей, кіші сыныптарға арналған үйірмелерге қатысып, аға ретінде кеңес беріп, волонтерлік бағытта белсенділік танытады.
Нұрғиса да өз қатарластарына үлгі боларлық жас. Ол математика мен ағылшын тілін терең меңгеріп, қытай тілін үйренуде. Оқумен қатар спортпен шұғылданып, футбол клубында ойнайды. Бүгінде Нұрғиса оқушыларға арналған мобильді қосымша әзірлеуде. Бұл қосымша үй тапсырмаларын жоспарлауға, уақытты тиімді бөлуге көмектеседі. Ол сондай-ақ ардагерлерге құрмет көрсету, сенбіліктер мен қайырымдылық акцияларына қатысып, қоғамдық белсенділік танытып келеді.
Екі жас та болашақта шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, алған білімдерін туған еліне жұмсауды мақсат етеді. Мамандардың пікірінше, мұндай мысалдар жасөспірімдер арасында ғылымға, IT-технологияларға және волонтерлікке қызығушылықты арттырып, кәсіпкерлік ойлау мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.



