Қоғам

Есік қаласындағы екі мектептің жөндеуі баяу жүріп жатыр

Бұл «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мониторингінен кейін белгілі болды

 

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласындағы қос мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кешігіп жатыр. Тексеру жұмыстары комиссия отырысынан кейін жүргізілді.

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Шолпан Қасымбаева Абылай хан атындағы мектептегі жөндеу қарқыны төмен екенін айтты. Оның сөзінше, нысандағы жұмысшылар саны аз болғандықтан, құрылыс созылып кеткен.

Ал мердігер «КазЕвроСтрой» ЖШС құрылыс алаңына 106 адам тартқанын, жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылғанын хабарлады. Мектептің негізгі ғимаратын тамыздың соңына дейін тапсыру жоспарланған. Депутат Шолпан Қасымбаева құрылыс аяқталғанша апта сайын мониторинг жүргізетінін жеткізді.

Сонымен қатар, қаладағы Қ.Сәтбаев атындағы мектепте жөндеу жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Дегенмен, жаңа оқу жылына толық дайын болмауы мүмкін. Себебі мектеп ауласының абаттандырылуы сметаға енгізілмеген. Мердігер «Гунн Строй Сервис» ЖШС ғимарат жөндеуі оқу жылы басталғанға дейін аяқталатынын мәлімдеді, ал аула жұмыстары тамыз ортасында конкурс нәтижесі бойынша басталады.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов бұл нысандардың партиялық бақылауда болатынын айтты. Оның айтуынша, депутаттар апта сайын құрылысқа барып, кемшіліктерді анықтап, тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдайды.