Қоғам

Энергетика министрлігі газ өндірудің азайғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қаңтар-шілде айларында 17,3 млрд текше метр газ өндірілді – бұл былтырғыдан 9,2% көп

 

ҚР Энергетика министрлігі табиғи газ өндіру көлемі артқанын хабарлап, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған азаю туралы мәліметті жоққа шығарды.

Жыл басынан бері елде 17,3 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,46 млрд текше метрге немесе 9,2%-ға артық. Ұлттық статистика бюросының деректері де оң динамиканы растайды: өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткіштің 111,1%-ына жетті.

Министрлік газ бағасының өсуі өндіріс көлеміне байланысты емес екенін атап өтті. Бұл – баға белгілеудің нарықтық тетіктеріне кезең-кезеңімен көшуге бағытталған жоспарлы шара.

«Бұл шешім саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету, жаңа кен орындарын игеруге инвестиция тарту және болашақта тапшылықтың алдын алу үшін қажет. Энергетика министрлігі тарифтердің өзгеруі барлық тұтынушыларды үздіксіз газбен қамтуға мүмкіндік беретін салмақты қадам екенін атап өтеді», — деді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, тарифтік реформа кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл халыққа түсетін жүктемені біртіндеп азайтып, газ саласының тұрақты дамуына жол ашады.