Астанада жыл сайын өтетін Juregimnin Jenimpazy жүгіру-фестивалі биыл ауқымын кеңейтті – қатысушылар саны 4,2 мыңнан 4,7 мың адамға дейін өсті. Олар 1, 3 және 10 шақырымдық қашықтықты бағындырып, трансплантацияны күтіп жүрген науқастарға қолдау көрсетті.
Ресми деректерге сәйкес, бүгінде жүрек, бүйрек, бауыр және өкпе трансплантациясына 4 117 адам мұқтаж. Оның ішінде 3 мыңнан астамы – бүйрек, 145-і – жүрек ауыстыруды күтуде. Жыл сайын 300-ден астам адам өз донорын таппай, күту парағынан шығып қалады.

«Біздің еліміз – Орталық Азиядағы трансплантация мен өлімнен кейінгі донорлық дамыған жалғыз мемлекет. Бұл – елдің даму деңгейінің көрсеткіштерінің бірі. Алғашқы жүрек трансплантациясы жасалғанына тура 13 жыл толды. Содан бері ота саны айтарлықтай артты. Juregimnin Jenimpazy жобасы қоғамда донорлық туралы түсінікті қалыптастыру үшін өткізіледі. Бұл жобаның құндылығын көрсетеді», – деді Қордың негізін қалаушы және UMC Басқарма төрағасы, дәрігер Юрий Пя.
Фестиваль аясында Heart Center Foundation қоғамдық қоры Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына 15 млн теңге грант табыстады. Қаражат орталықтың жұмысын дамытуға және қордың білім беру, ағартушылық жобаларына бағытталады.

«Біз бұл жүгірісті жыл сайын өткіземіз және қоғамның қолдауын, трансплантологияны дамытудың маңызын түсінетінін байқаймыз. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 500 адамға артық қатысты. Біздің мақсатымыз – осы тақырыптағы ақпараттық вакуумды жою. Ол біздің қолымыздан келді деп есептеймін. Бұдан бөлек, Ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қор Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына 15 млн теңге грант берді», – деді Қор директоры Мұрат Зауыров.

Шараны шағын және ірі бизнес өкілдері, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер қолдады. Бас демеуші – Home Credit Bank.
«Біз банк командасымен бірге осындай маңызды бастаманың бір бөлігі болғанымызға мақтанамыз. Адамдарға ағза донорлығы мен трансплантация мүмкіндігі туралы ақпарат беру қажет. Күту парағында тұрғандар үшін бұл – өмірлік маңызы бар мәселе. Біз командамен бірге өмір үшін, әлеуметтік жауапкершілік үшін жүгірдік», – деді HCB PR&ESG бөлімінің жетекшісі Гаухар Керімова.
Juregimnin Jenimpazy алғаш рет 2018 жылы 60 адам қатысқан веложарыс ретінде басталған. Қазір бұл – мемлекеттік сектор, жеке бизнес және жанашыр қазақстандықтар қолдайтын маңызды әлеуметтік миссиясы бар ауқымды қозғалыс.



