Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына 16 жастағы қыз ұзақ уақыт мазалаған іш ауруына шағымданып келген. Тексеру кезінде дәрігерлер оның асқазаны шашпен толып, бітеліп қалғанын анықтады.
Науқасқа шұғыл операция жасалды. Хирургтар асқазаннан ұйысқан шашты алып тастады.
«Қыздың жағдайы қазір тұрақты, ол дәрігерлер бақылауында. Алдағы күндері үйіне шығарылуы мүмкін», – деп хабарлады аурухана әкімшілігі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай өте сирек кездеседі және көбінесе жасөспірімдер арасында байқалады. Бұған жүйкелік күйзеліс немесе жаман әдеттер себеп болуы мүмкін.
Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды.



