Алматы облысында жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі шаралар өз нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі – NEET санатындағы жастар санының екі есеге қысқаруы, деп хабарлайды Mandat.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылдың соңында өңірде 46 мыңға жуық NEET жастың тіркелгені белгілі. 2024 жылдың маусым айына қарай бұл көрсеткіш 26 186 адамға дейін төмендеген.
Бұл – жастармен жүйелі жұмыс пен нақты жобалардың нәтижесі, дейді облыстық жастар саясаты басқармасы. Атап айтқанда, биылғы көктемде басталған «Жастарға – ақпарат» акциясы базарлар мен сауда орындарында бейресми жұмыс істеп жүрген жастарды қамтуды мақсат етті.
«Еңбек қатынасын заңдастырмай жұмыс істеп жүрген жастармен мақсатты жұмыс жүргізілуде. Сауда орындары мен базар әкімшіліктерімен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде, кемінде 500 жастың еңбек қатынасын заңдастыру жоспарланып отыр», – деп хабарлады Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, облыста жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау үшін Қонаев қаласында, Балқаш, Кеген және Райымбек аудандарында заманауи коворкинг-орталықтар ашылды. Жастар бұл орталықтарда тегін шеберлік сабақтарына қатыса алады, психолог пен заңгерден кеңес алады, қаржылық сауаттылық пен жұмысқа орналасуға қатысты көмекке жүгінеді.
Жыл соңына дейін Қарасай ауданында да осындай орталық ашу жоспарланған. Бұл ауданның өзінде 85 мыңнан астам жас тұрады.
Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында волонтерлік қозғалыс та қарқын алып келеді. Өңірде 5 мыңнан астам ерікті тіркелген бірыңғай база жасақталды. 2025 жылдың соңына дейін 2 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 50 мыңнан астам адамды қамту көзделіп отыр.
«Алматы облысының еріктілері жалпыұлттық “Жақсылық жаса” марафонында 5 айдың қорытындысы бойынша көш бастады. Бұл – волонтерлікті жүйелі қолдаудың нәтижесі», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Баспанамен қамту – басты назарда. Өңірде «Алатау жастары» бағдарламасы арқылы жүзге жуық жас отбасы баспаналы болды. Биыл бұл бағдарлама жаңартылып, «Алатау» атауымен қайта іске қосылады. Онда облыс жастарына арнайы квота қарастырылып отыр.
Жұмыссыздықпен қатар, жастар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу да басты бағыттардың бірі болып отыр. Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Сақтан» жобасы суицид, нашақорлық, құмар ойын сияқты қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Соңғы үш жылда «Жасыл ел» жобасы аясында 3 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 2 мыңнан астамы – ауыл жастары. 2025 жылы тағы 1 мыңға жуық жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарланған.
Жастар бастамалары мен идеялары да мемлекет назарынан тыс қалмауда. Соңғы екі жылда:
- 10 грант «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында бөлініп, 30 млн теңге көлемінде қаржыландыру жасалды,
- 20 NEET жас «Zhas Project» аясында 20 млн теңге грант иеленді,
- «Заңғар» жастар премиясы бойынша 10 аталымда 10 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.
Айта кету керек, биыл да бұл жобалар жалғасып, алғаш рет ауылдық округтердегі жастар нұсқаушылары арасында үздіктер анықталатын байқау өтпек.