Алматы облысында жастар арасында есірткіге тәуелділік, суицид, құмар ойындар мен вейпинг сияқты зиянды әдеттердің таралуының алдын алуға арналған ауқымды «SAQTAN» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Бұл туралы жобаны жүзеге асырып отырған «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігі хабарлады, деп жазады Mandat.kz.
«Қазіргі таңда облыста 430 мыңнан астам жас бар. Бұл – өңір халқының 28 пайызы. Яғни әрбір төртінші тұрғын – 14 пен 35 жас аралығындағы азамат. Бұл үлкен әлеует болғанымен, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді. Өкінішке қарай, жастардың едәуір бөлігі тәуекел аймағында тұр. Бұл нақты әрі жүйелі әрекетті қажет етеді. Осы ретте біз SAQTAN жобасын іске қосып отырмыз», – деді жобаның жетекшісі, «PARYZ еріктілері» бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы.
Ресми деректерге сәйкес, облыстағы жастардың 6,4%-ы – NEET санатында, яғни олар оқымайды, жұмыс істемейді және ешқандай әлеуметтік жүйемен қамтылмаған. Бұл шамамен 26 мыңнан астам жас деген сөз.
Өткен жылы өңірде 21 суицид фактісі мен 32 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Ал биыл жылдың алғашқы тоқсанында жастар тарапынан 2 184 қылмыс жасалған. Оның 485-і ауыр және аса ауыр деп танылған.
«Жоба алты негізгі кезеңнен тұрады. Олар – спорттық жарыстар, семинарлар, есірткі жарнамасына қарсы акциялар, әлеуметтік бейнероликтер, түнгі рейдтер және қорытынды дөңгелек үстел. Әр бағыттың өз мақсаты мен нақты аудиториясы бар. Жоба аясында 2 000-ға жуық жас тікелей қатысады. Ал жанама қамту көлемі – 50 000 адам», – деді Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Мадина Есентемірова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші кезеңде спорттық жарыстар ұйымдастырылады. 9 аудан мен 2 қалада өтетін 15 спартакиадаға 1200-ден астам колледж және университет студенттері қатысады. Бұл жастарды пайдалы іспен айналысуға ынталандырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
«Жобаның қалған кезеңдерінде жастармен және ата-аналармен семинарлар өткізіледі, есірткі жарнамасына қарсы акциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерге арналған бейнероликтер түсіріліп, түнгі рейдтер жүргізіледі. Соңында қорытынды дөңгелек үстел өтеді. Әр шара нақты аудиторияға бағытталған, форматы – ашық, мазмұны – пайдалы. Мақсатымыз – жастарға шынайы әсер ету, оларды қауіп-қатерден сақтандыру», – деді жоба жетекшісі Әділет Айтқазы.
Айта кету керек, жоба өңір ерекшеліктеріне бейімделіп іске асады. Мәселен, кейбір аудандарда суицид деректері көбірек, ал кей жерлерде синтетикалық заттарға қолжетімділік жоғары. Сондай-ақ барлық іс-шаралар ашық форматта өтіп, нәтижелері қоғам назарына ұсынылады.