Карасай ауданындағы ҚР ЦОП базасында халықаралық «Qonaev Cup 2025» шахмат турнирі басталды. Жарыс 2-12 тамыз аралығында өтеді. Биыл турнирге 6 жастан 70 жасқа дейінгі 16 елдің 260-тан астам спортшысы қатысуда. Сайыстар Masters, Challengers және Open санаттарында, швейцарлық жүйе бойынша 9 турда классикалық уақыт бақылауымен ұйымдастырылған.
Masters санатында 62 спортшы бақ сынап жатыр. Оның ішінде 21 гроссмейстер (GM), 24 халықаралық мастер (IM) және 2 әйелдер гроссмейстері (WGM) бар. Қазақстан намысын Денис Махнёв, Даниял Сапенов, Алишер Сүлейменов және Жандос Ағманов қорғайды.
«Республиканың спортшылары, соның ішінде шахматшылары да, әлемдік деңгейдегі жарыстардағы жетістіктерімен Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырды – ол мықты әрі бірлігі жарасқан спорттық мемлекет. Бүгінде шахмат – бұл жай ғана спорт емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ол – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту. «Qonaev Cup» турнирі 2021 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол өңірдің спорттық күнтізбесіндегі маңызды оқиғаға және Алматы облысының визит картасына айналды. Биылғы жарыс тақта үстіндегі тартысты ойындармен ғана емес, жаңа есімдердің ашылуымен есте қалады. Тәжірибе алмасыңыздар, ойнаңыздар және Алматы облысының қонақжайлылығын сезініңіздер», – деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірақым.
Блиц-турнирдің «B» санатында ирандық супергроссмейстер Пархам Магсудлу жеңіске жетті. Ол қазір FIDE рейтингінде әлемнің үздік 15 шахматшысының қатарында. Турнирде барлығы 30-дан астам жүлде сарапқа салынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау 12 тамызда өтеді.
Жарысты Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Оған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті, серіктес – Freedom Holding.
«Qonaev Cup 2025» – Қазақстан кубогының классикалық шахмат бойынша үшінші кезеңі, финал 9-19 қарашада Алматыда өтеді.