Қоғам

Алматы облысында кәмелетке толмағандар тыйым салынған жерлерде ұсталды

Жасөспірімдердің түнгі серуені заңмен шектелген

Қонаев қаласында өткен жастар мен полицияның бірлескен түнгі рейді кезінде кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары тіркелді, деп хабарлайды Mandat.kz.

«SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында Алматы облысында жастардың қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі – Қонаев қаласында жергілікті полиция бөлімшесімен бірлесіп ұйымдастырылған түнгі рейд.

Тексеру кезінде сағат 23:00-ден кейін жасөспірімдер жиналатын ойын-сауық орындары мен мейрамханаларға бақылау жүргізілді. Нәтижесінде ата-анасыз жүрген 5 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, ойын-сауық орнына кірген 1 жасөспірімге және оны кіргізген мекеме әкімшілігіне де шара қолданылды. Бір ата-ана бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін жауапқа тартылып, тағы бір жасөспірім ювеналды полицияның арнайы есебіне алынды.

Жоба жетекшісі Әділет Айтқазының айтуынша, бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидасын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Соңғы рейд кезінде түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 5 жасөспірім анықталды. Сонымен бірге, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындары, мейрамханалар мен ішімдік пен темекі өнімдері сатылатын дүкендер тексерілді. Мұндай жерлерде кәмелетке толмағандардың болуына жол бермеу – басты мақсатымыз. Жасөспірімдерге зиянды өнімдердің сатылмауын да қадағалап келеміз. Алдын алу шараларын полициямен бірлесіп, тұрақты түрде өткізіп отырмыз», – деді Әділет Айтқазы.

Іс-шараға қатысқан Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сергей Горянойдың айтуынша, егер кәмелетке толмағандар түнгі сағат 22:00-ден кейін қоғамдық немесе ойын-сауық орындарында жүрсе, олардың ата-анасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал құқық бұзушылық қайталанса, іс ювеналды сотқа жолданады.

Айта кетейік, «SAQTAN» – Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жоба. Негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлық, суицид, вейпинг, құмар ойын және өзге де зиянды әдеттердің таралуына жол бермеу. Жоба аясында түнгі рейдтермен қатар түсіндіру жұмыстары, спорттық және ақпараттық іс-шаралар өткізіледі.