Без рубрики

Алматы облысында ірі кәсіпорын қызметкерлеріне МӘМС жүйесінің тиімділігі түсіндірілді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 10-нан астам өндіріс орнында ақпараттық жұмыс жүргізді

Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру мақсатында жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесулер өтті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалының мамандары өндіріс ошақтарына барып, жұмысшыларға сақтандырудың маңыздылығын, скринингтік тексеруден дер кезінде өтудің артықшылықтарын және медициналық қызметтерге қолжетімділік тетіктерін жан-жақты түсіндірді.

Шара барысында қатысушыларға МӘМС жүйесінде қарастырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемі, азаматтардың құқықтары мен сақтандырылған мәртебесінің мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, ақпараттық материалдар – брошюралар, жадынамалар, буклеттер таратылды.

«Қордың веб-сайтында медициналық көмекті қаржыландырудың барысы, азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту, медициналық көмек алу және пациенттердің құқықтарын қорғау, тексеру және мәртебені алу мәселелеріне қатысты түсіндірмелер туралы есеп релиздері тұрақты түрде жарияланып тұрады. Қор диалогқа ашық және азаматтарды олардың құқықтары бұзылған немесе медициналық қызметтерден бас тартылған жағдайлар туралы хабарлауға шақырады. Өтінішті Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz сайты және Telegram-да @Saqtandyrýbot арқылы қалдыруға болады», – деді жиын барысында қордың облыстық филиалының бөлім басшысы Әкімбек Саурықбаев.

Кездесу кезінде кәсіпорын қызметкерлері өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей мамандарға қойды. Әсіресе, портал арқылы бейінді мамандарға жазылу мерзімі, талдау мен зерттеулердің қолжетімділігі, емханаға тіркелу тәртібі, жарна мөлшерінің есебі және сақтандыру мәртебесін тексеру мәселелері жиі көтерілді. Қор өкілдері әр сауалға нақты әрі түсінікті жауап беріп, қосымша құқықтық кеңестер ұсынды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы тұрғындарынан Қордың СRM жүйесі арқылы 3594 өтініш түскен. Оның 1642-сі – шағым сипатында. Ең жиі тіркелетін арыз-шағымдар – емханалардағы қызмет сапасына, диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне және стационарлық емдеудің деңгейіне қатысты. Осыған орай, Қор кәсіпорындардағы ақпараттық жұмысты күшейтіп, медициналық қызметтерді тұтынушылардың сауатын арттыруды қолға алған.

Айта кетейік, мамандар өңірдегі 10-нан астам кәсіпорынды аралап, жүздеген жұмысшыға тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Өз кезегінде қатысушылар мамандарға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өтуі қажеттігін атап өтті.