Алматы облысында ерекше қажеттілігі бар жастардың талантын танытуды мақсат еткен «Samga» облыстық өнер байқауы алғаш рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Mandat.kz.
Байқаудың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі болса да, өнер мен шығармашылыққа құштар жастарға өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру, оларды қоғам өміріне белсенді араластыру және өз-өзіне деген сенімін арттыру.

Байқау қолөнер бұйымдары және сахналық өнер бағыттары бойынша өтті. Облыстың әр ауданынан келген 12 команда өз өнерін ұсынып, көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленді. Қатысушылардың жасаған ұлттық кәдесыйлары, қолдан жасалған бұйымдары, сондай-ақ ән, би, театрландырылған қойылымдары олардың талантының шексіз екенін көрсетті.

Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сертификаттары табысталды. Жеңімпаз командалар да марапатсыз қалмады:
- I орын – Жамбыл ауданының «Rakhym» тобы
- II орын – Алатау қаласының «Алатау гүлдері» тобы
- III орын – Қонаев қаласының «Қамқор жүрек» тобы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Samga» байқауы алдағы жылдары да жалғасын тауып, қатысушы жастардың санын арттыру жоспарланып отыр.



