Алматы облысында Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов қызметінен босатылды. Бұл туралы BES.media дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Жанжал 2025 жылдың наурызында басталған. Сол кезде «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан Қонаевқа көшірілмеуін сұрап, видеоүндеу жариялаған болатын. Ол кезде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев балалардың қалада қалатынын айтқан. Алайда 21 шілдеде оларды күштеп көшіруге әрекет жасалды.
Көшіру барысында балалар жылап, кейбірі талып қалды. Полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері араласуға мәжбүр болды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнекадрлар қоғамда кең талқыланып, сынға ұшырады.
Жанжалдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшіруді тоқтатуды, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, оны Алматы қаласының балансына қайтаруды тапсырды. Сонымен қатар, қызметтік тергеу басталды.