Без рубрики

Алматы облысында ауыл жастары енді «Абайды» тегін оқи алады

Ұлттық кітап күніне орай 600 кітап жастар орталықтарына табысталды

Алматы облысында жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ауылға кітап» жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Mandat.kz.

Жоба Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сай іске асырылуда. Биылғы кезеңде Балқаш, Кеген және Райымбек аудандарындағы жаңа ашылған жастар орталықтарына құны 2 миллион теңге болатын 600 дана кітап табысталды.

«Бұл – тек кітап тарату емес, ұлт руханияты мен зердесін жас ұрпаққа жеткізудің нақты қадамы», – дейді ұйымдастырушылар.

Кітаптар қатарында «Абай», «Алпамыс батыр», «Жыраулар поэзиясы», «Алаш қайраткерлері және ұлттық фольклор» сынды құнды еңбектер бар.

Жобаны іске асыруға М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолдау білдірді. Өткен жылы жоба аясында жалпы құны 10 млн теңгеге 1000 кітап ауыл мектептері мен кітапханаларына жеткізілген болатын.

Шараның басты мақсаты — ауыл жастарының кітаппен байланысын нығайтып, ұлттық болмыс пен танымды тереңдету.