Без рубрики

Алматы облысында әкелердің ата-ана ретіндегі жауапкершіліктен жалтару мәселесі талқыланды

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, медиативтік келісімдердің орындалуын бақылау және учаскелік инспекторлардың рөлін күшейту қажеттігін атап өтті

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының алаңында «Әйелдер мен балаларды қорғау» әлеуметтік жобасы аясындағы кезекті отырыс өтті. Шараны «Альянс Успеха» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Игі бастамаға бірлестік жетекшісі Рада Трыкалюк мұрындық болды.

Жиынға құқық қорғаушылар, «Голос Поколения» қозғалысының өкілдері және белсенді азаматтар қатысты.


Кездесуде әлеуметтік осал жағдайда қалған әйелдер мен балалардың құқықтары кеңінен сөз болды. Әсіресе, бала мүддесі үшін жасалған медиативтік келісімдерді елемей, ата-ана міндетінен жалтаратын әкелердің әрекеті сынға алынды.

Учаскелік полиция инспекторларының қызметіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар отбасындағы және әлеуметтік сипаттағы түйткілдерді шешуге белсене араласып жүрген учаскелік инспекторларға алғыс білдірді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде олардың рөлін арттыру қажеттігі атап өтілді.

«Учаскелік инспекторлармен жүйелі жұмыс – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға бейжай қарамай, шын ниетпен көмектесіп жүрген мамандарға біз шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деді «Альянс Успеха» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рада Трыкалюк.

Сондай-ақ жиын барысында мынадай мәселелер көтерілді:

  • әйелдер мен балаларға құқықтық және психологиялық көмек көрсету;
  • медиативтік және сотқа дейінгі келісімдердің орындалуын бақылау;
  • қоғамдық ұйымдардың осал отбасыларға бағытталған қолдау шараларындағы орны.

«Әйелдер мен балаларды қорғау» жобасы өз жұмысын белсенді түрде жалғастырып келеді. Қоғамдық бірлестік мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және халықаралық серіктестермен өзара ықпалдастықты кеңейтуді көздейді.