Алматы облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына жастар белсенді түрде тартылуда. Жыл басынан бері ұйымдастырылған сенбіліктер мен ағаш отырғызу шараларына 16 мыңнан астам жас ерікті қатысқан. Бұл туралы өңірлік жастар ресурстық орталығы хабарлады.
Мекеменің мәліметінше, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыста кең көлемді жұмыстар жүргізілген. Былтыр жастардың белсенділігінің арқасында облыс аумағынан 30 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 87 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылған. Биыл бұл көрсеткіш жалғасып, жаңа жобалармен толықтырылуда.
«Ең жас волонтеріміз – 14 жаста. Жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауы ғана емес, азаматтық жауапкершілігі қатты қуантады. Биыл «Taza Like» акциясы аясында оқушылар өз қолдарымен 1000 торғай ұясын әзірледі. Мұнымен қоса, «Қапшағай» қарағай орманы құрылып, экологиялық бастама аясында 22 000 ағаш отырғызылды. Осы жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатарына мың жас қабылданады деп күтілуде. Олар да жылдағыдай мұндай игі шараларға өз үлестерін қосатын болады», – деді Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Кенешев.

Экологиялық науқан облыстың барлық өңірінде өтуде. Атап айтқанда, Талғар ауданында биылдың өзінде 100-ге жуық акция ұйымдастырылып, 16 мыңға жуық адам қамтылды. Ірі сенбіліктер «Талхиз» қалашығы мен «Талғар» шыңы маңында өтіп, тарихи ескерткіштер, өзен-көл жағалаулары қоқыстан тазартылған. Сонымен қатар 6 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Әлеуметтік әлсіз топ өкілдерінің ауласында да тазалық жұмыстары жүргізілген.
«Жастар табиғат пен қоршаған орта мәселесіне бей-жай қарамайды. Олар нақты өзгеріс әкелетін істерге қатысқысы келеді. «Таза Қазақстан» науқанына белсенді араласуы – олардың жауапты азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – жақсы үрдіс деп ойлаймын», – деді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы.
Экологиялық бастамаларға белсене араласып жүрген жастардың бірі – Ернат Саяев. Ол Талғар қаласындағы колледждердің бірінде оқиды және волонтерлікпен 12 жасынан айналысады.
«Таза Қазақстан» акциясына қатысу – мен үшін жай ғана сенбілік емес, бұл – табиғатқа, туған жерге деген жауапкершілігімнің көрінісі. Қоршаған орта – бәріміздің ортақ үйіміз. Егер әрбіріміз табиғатты аялауға бір қадам жасасақ, қоршаған ортада үлкен өзгеріс болады. Осы науқан арқылы жастардың экологияға деген көзқарасын өзгертіп, жақсы үлгі көрсете аламыз», – дейді жас волонтер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» жобасы жастардың бойында экологиялық сана мен жауапкершілікті арттырып, табиғатқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге ықпал етіп отыр. Өңірде басталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталады.