Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының бөлім басшысы Ержан Әділеттің айтуынша, биыл қысқа дайындыққа 9,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1,8 млрд теңге жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге, 5,5 млрд теңге отын сатып алуға бағытталды. Қалған 2,6 млрд теңге мекемелер есебінен қарастырылған.
«Өңірде 30 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр: олардың бесеуі күрделі жөндеуден өтуде, қалған 25-і ағымдағы жөндеу. Сонымен қатар 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандық қысқы маусымға дайындалуда», – деді Ержан Әділет.

Бұдан бөлек, 2,7 шақырым жылу желісінің 2,2 шақырымы жаңартылып болды. Электр желілерін жаңғырту аясында 1 626 шақырым желінің 1 088 шақырымы қайта жөнделіп, 148 қосалқы станцияда жұмыс жүргізілуде. Бұл шаралар желілердің тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жиын соңында мәслихат депутаттары жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды уақытылы аяқтау мен отын жеткізілімін тұрақты бақылауда ұстаудың маңызын атап өтті.

