Өзбекстанда өтіп жатқан гир спорты бойынша әлем чемпионатында Алматы облысының өкілі, азаматтық қорғау лейтенанты Дәурен Қадыр күміс медаль жеңіп алды. Жарысқа 20-дан астам елден 700-ге жуық спортшы қатысқан.
Қадыр Дәурен ересектер арасындағы 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, тек екі ұпай айырмасымен чемпион атану мүмкіндігін жіберіп алды. Қазір ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері.
2022 жылы Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында да күміс алған ол соңғы төрт жылда республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлдесіз қайтқан емес. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрі – қазақша күрестен де нәтижелі өнер көрсетіп, ел чемпионатында қола медаль алған.
Дәурен Қадыр Малика Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, лейтенант шенін Төтенше жағдайлар министрі Чингис Арыновтың қолынан алған.
Алматы облысы ТЖД мәліметінше, жас офицер кәсіби қызметті спортпен ұштастырып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды жалғастыруды көздеп отыр. Ведомствода оның жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі, әрі азаматтық қорғау саласындағы қызметтің абыройын арттырады деп бағаланып отыр.