Без рубрики

10 жылда 7 сынып ашылған: Алматы облысында «Жас өрт сөндіруші» жобасының мерейтойы өтті

Жас сарбаздар саптық дайындық пен құтқару дағдыларын көрсетті

Алматы облысында «Жас өрт сөндіруші» әскери-патриоттық сыныптарының ашылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Mandat.kz Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара әскери-патриоттық сыныптың оқушылары ұйымдастырған саптық дайындық көрсетілімімен басталды. Жас сарбаздар тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін паш етті.

Жиынға Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, күштік құрылымдардың өкілдері мен ұстаздар қатысты. Кездесу барысында оқушылар алған білімдері мен болашақтағы мақсаттары туралы әңгімелесті.

Іс-шара аясында жас сарбаздарға Макаров тапаншасын бөлшектеу мен құрастыру бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Сонымен бірге, нысанаға дәл тигізу әдістері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

«Жас өрт сөндіруші» сыныптарының оқушылары – қоғам үшін қызмет етуге, адам өмірін құтқаруға дайын болуға тәрбиеленуде. Жауапкершілік, ерлік және патриотизм – олардың басты қасиеттері. Біз болашақтың нағыз Отан қорғаушыларын тәрбиелеп отырмыз», – деді Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Даурен Оразбеков.

Шара барысында әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға үлес қосқан ұстаздар мен жетекшілер марапатталды.

Еске сала кетейік, алғашқы «Жас өрт сөндіруші» әскери-патриоттық сыныбы 2019 жылы Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы №7 мектепте ашылған болатын. Жобаның бастамашысы — азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжехан.

Бүгінде Алматы облысында 7 әскери-патриоттық сынып жұмыс істейді. Бұл сыныптарда оқушылар төтенше жағдайларда әрекет ету негіздерін меңгеріп, патриоттық тәрбиеден өтеді.