Саясат

ReBusiness: Алматыда 500 кәсіпкер Президент Жолдауын талқылады

Respublica партиясы ұйымдастырған форумда бизнес пен билік ашық диалог құрды

Алматыда Respublica партиясының ұйымдастыруымен ReBusiness форумы өтті. Оған 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар жиналды.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров форумды аша отырып, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы ел дамуының негізгі жол картасына айналатынын айтты.

«Бұл – тарихи Жолдау. Президент цифрландыру мен экономиканы жаңғыртудан бастап, партиялық жүйені нығайтуға дейінгі стратегиялық басымдықтарды айқындады. Жерді толық цифрландыру – ашықтық пен әділ ережелердің кепілі. Парламенттің бір палаталы жүйеге көшуі – еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа белес. Кәсіпкерлер партиясы үшін бұл дербес Кәсіпкерлік министрлігінің пайда болуымен тең. Бұл – үлкен де мәнді күш», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов әкімдік тарапынан қолдауды жеткізді.

«Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның цифрлық трансформациясына айрықша көңіл бөлді. Respublica партиясы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық бастамаларға белсенді үлес қосып келеді. Біз бұл бастамаларды толық қолдаймыз», – деді ол.


Форумға партияның тең төрағалары Сырымбек Тау, Максим Барышев және Қуаныш Шонбай қатысып, бизнес ортадағы өзгерістер мен еңсерілген қиындықтар туралы айтты. Мәжілістегі фракция депутаттары қабылданған заңдар мен әзірленіп жатқан заң жобаларын таныстырды.

Кәсіпкерлер цифрлық трансформация, қаржыландырудың қолжетімділігі, тауарларды таңбалау, әлеуметтік кәсіпкерлік пен ішкі туризмді дамыту мәселелерін талқылады.


Ерекше қызығушылықты партия тең төрағасы Максим Барышевтың сөзі тудырды. Салық есебі саласының маманы ретінде ол 2026 жылдан бастап енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп, кәсіпкерлерге жаңа ережелерге қалай дайындалу керегін айтты.

Форум қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар Respublica фракциясының жұмыс жоспарына енгізіліп, заңнамалық бастамаларға айналмақ.