Алматы облысында өңірлік Alatau Hub базасында жасанды интеллектке негізделген жаңа жүйе іске қосылды. Бұл бастаманы облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub мамандары бірлесіп жүзеге асыруда. Жобаның дамуына хабтың резиденттері де үлес қосып отыр.
Жаңа жүйе шартты түрде Qonaev AI деп аталды және қазіргі уақытта сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі кезеңде модельдер мен алгоритмдер Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде жұмыс жасауда. Алдағы уақытта басқа басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктердің ақпараттық базаларын интеграциялау арқылы функционал біртіндеп кеңейтіледі», – деді ұйымдастырушылар.

Барлық деректерді өңдеу және сақтау үдерістері Alatau Hub-тың жергілікті инфрақұрылымында жүзеге асырылады. Бұл тәсіл жүйенің сенімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта серверлік қуаттарды ұлғайту, қосымша дереккөздерді біріктіру және ақпаратты қорғаудың барлық талаптарын сақтау қарастырылған.
Жобаның жеке бағыты – жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану. Бұл жобалық есептеулерді жеделдетуге, ресурстарды тиімді пайдалануға, сапаны қатаң бақылауға және жаңа инновациялық шешімдер ұсынуға жол ашады. Бірыңғай деректер базасын құру өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін маңызды қадам болмақ.



