Қонаевта «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты «Bir Tolqynda» ашық диалог алаңын өткізді. Шараға 30-дан астам белсенді жас пен түрлі салада жетістікке жеткен меймандар қатысты, деп хабарлайды Mandat.kz.

Жастармен жүздескен облыстық мәслихат депутаты, партия облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі 56 498 партия мүшесінің бестен бір бөлігі – жастар, ал «Жастар Рухы» олардың көшбасшылық қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін алаңға айналған.
«Жастар – елдің болашағы. Ал «Жастар рухының» белсенділері – сол болашақты қалыптастыратын алдыңғы шептегі көшбасшылар. Бүгінде Алматы облысындағы 56 мыңнан аса партия мүшесінің 22%-ы жастар. Жыл басынан бері мыңдаған жасты біріктіріп, облыста «Ардагерлерді ардақтайық», «Жастарға жұмыс», «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы, «Қауіпсіз қала», «Есірткіге жол жоқ», «Таза Қазақстан» экоакциясы, «AMANAT CUP», «Чемпиондық рух» сияқты 100-ден аса ауқымды іс-шара өткіздік. Бұл жобалар жастардың білімін, қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытып, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік беріп отыр», – деді Қуат Байғоджаев.

Кездесуде ұсынылған жобалардың ішінде қоян-қолтық ұрыстан екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері Юлия Вольвичтің «NAMYS» жобасы ерекше назар аудартты. Ол бұл бастаманы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қауіпсіздік мәселесіне жауап ретінде қолға алғанын айтты.
«Өкінішке қарай, бүгінде көп қыз-келіншек өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды. Бірі – зорлық-зомбылықты, енді бірі – түрлі қорқыту мен қысымды бастан өткерген. Сол себепті, осы «Bir Tolqynda» алаңында «NAMYS» жобасын ұсынуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – әйелдер мен қыздарға арналған тегін өзін-өзі қорғау жаттығулары. Қазір 30-дан астам қатысушыны жаттықтырып жүрмін. Олардың әрқайсысы біртіндеп өзіне сенімді болып, өмірге жаңа көзқараспен қарай бастады. Егер осы жобаны «Жастар Рухымен» бірге ел көлемінде өрістетсек, мыңдаған арудың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еркін өмір сүруіне мүмкіндік туар еді», – деді Юлия Вольвич.

Іс-шара соңында жыл бойы партиялық және қоғамдық жобаларда белсенділік танытқан жастарға алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұны олардың қоғам өміріне қосқан нақты үлесінің мойындалуы деп атап өтті.



