Қоғам

Жасыл ел: Алматы облысында 1 мыңнан астам жас жазғы жұмысқа тартылды

Жобаға қатысатын жастар ай сайын 85 мың теңге жалақы алады

Қонаев қаласының орталық саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жаңа жұмыс маусымы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Mandat.kz.

Салтанатты іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мади Ахметов және Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков қатысты.

Алматы облысы бойынша биылғы маусымда 14 пен 35 жас аралығындағы 1000-нан астам жас маусымдық жұмысқа тартылып отыр. Олар өңір аумағында көгалдандыру, тазалық және абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Жоба әсіресе NEET санатындағы, көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы жастарға арналған.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Ашылу барысында сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдәулетов жобаның маңызын атап өтіп, жастарға сәттілік тіледі:

«Жасыл ел – бұл сендер сияқты белсенді, еңбекқор жастар үшін тамаша мүмкіндік. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жоба ерекше мәнге ие. Себебі елімізді көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай жақсылықтар жастар қауымын жан-жақты тәрбиелеп, адал еңбек пен ұлттық тәрбиенің қалыптасуына негіз болмақ. «Мемлекет маған не береді» деп емес, «мен еліме не беремін» деп, ата-бабаларымыздың игі істерін әрі жалғастыруымыз қажет», – деп атап өтті депутат.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Жас сарбаздар арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіледі және ай сайын 85 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Ашылу рәсімінен кейін олар Қапшағай су қоймасының жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізіп, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған түсіндіру акциясын өткізді.

Айта кету керек, соңғы үш жыл ішінде облыс бойынша «Жасыл ел» жобасы арқылы 3 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды. Қатысушылардың 70 пайызы – ауыл жастары.