Қоғам

Алматы облысының әкімі «Кеген–Нарынқол» жолының жөндеу жұмыстарын тексерді

Жолдың алғашқы 2 шақырымында төсеу жұмыстары аяқталды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Кеген–Нарынқол» автожолының жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскесіне барып, құрылыс барысымен танысты.

Жоба аясында ұзындығы 74 шақырым болатын жолдың екі бөлігі – 0–37 және 37–74 шақырым аралығы – орташа жөндеуден өтуде. Мердігер – «Нұрлы жол – 7» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС жүргізіп отыр. Жобаның жалпы құны – 8,002 млрд теңге.

Қазіргі уақытта нысанда 7 мың м³ қиыршық тас дайындалып, 4 шақырым жолда ресайклирлеу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, 2 шақырымда жол жабындысының төменгі қабаты төселді. Құрылысқа 44 техника мен 71 жұмысшы жұмылдырылған.

Облыс әкімі жобаның қарқынына назар аударып, жұмыстарды жеделдетуді және бөлінген қаражатты тиімді пайдалануды тапсырды. Ол жол сапасының жергілікті тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтіп, халықпен кездесулерде көтерілген инфрақұрылым мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.