Үлкен Алматы айналма автожолын (БАКАД) пайдалану үшін жеңілдік абонементтерді рәсімдеу кезінде «БАКАД Инвестициялар және Операциялар» ЖШС тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті хабарлады.
Тексеру азаматтардан келіп түскен өтініштер негізінде жүргізілген. Департаменттің мәліметінше, компания абонемент алу кезінде көлік құралының тіркелген мекенжайы көрсетілген анықтама сияқты қосымша құжаттарды сұратқан. Мұндай талаптар қолданыстағы рәсімдеу тәртібінде көзделмеген.
«Қосымша құжаттарды, оның ішінде көлік тіркелген мекенжай туралы анықтаманы талап ету – жеңілдік абонементін алу құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіріп, қызметтің қолжетімділігіне шектеу қоюы мүмкін», – делінген ведомство хабарламасында.
Анықталған заңбұзушылықтардың негізінде департамент компанияға мұндай талаптарды доғару туралы ресми нұсқама жолдады. Қазіргі таңда оператор рәсімдеу тәртібін заңнама талаптарына сәйкестендіріп, бұзушылықтарды толығымен жойған.
Мемлекеттік орган әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсету кезінде азаматтарға артық әкімшілік кедергілер қоюға жол берілмейтінін еске салды. Барлық қызмет көрсетушілер халыққа тең және еркін қолжетімділік ұсынуға міндетті.