Общество

«900 келіден астам есірткі, 4 жасырын зертхана»: Алматы облысында синтетикаға қарсы күрес күшейтілді

Полиция мен қоғам бірігіп, нашақорлықтың алдын алу кеңесін құрды

Алматы облысында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес күшейтілді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы алғашқы үш айда 937 келіден астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 24 келіден астамы синтетикалық заттар. Сонымен қатар төрт жасырын зертхана анықталған, оның бірі – Жамбыл ауданында.

Нашақорлықтың алдын алу және қоғаммен өзара іс-қимылды арттыру мақсатында облыста арнайы профилактикалық кеңес құрылды. Кеңес құрамына құқық қорғау органдары, ұстаздар, дәрігерлер, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері енді.

«Бұл – жедел әрекеттен бұрын, жүйелі алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Жастарды қорғаудың ең тиімді жолы – ақпарат, түсіндіру және ынтымақтастық», – деді ПД бастығы Мейрам Әбікеев.

Жыл басынан бері облыста 63 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Тәркіленген заттардың қатарында каннабис, гашиш, марихуана, героин және синтетикалық есірткілер бар.

«Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 171 профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 110 лекция, 20 акция, 8 спорттық турнир, 3 ашық кездесу, әлеуметтік желілерде 150-ден астам материал жарияланды», – деді облысы полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров.

Кеңес аясында TikTok, Instagram және Telegram платформаларында түсіндіру кампаниялары жүргізіліп, жастар мен ата-аналарға арналған жаңа форматтағы ақпараттық өнімдер әзірленеді.

Жаңа кеңес – өңірлік деңгейдегі кешенді жұмыс форматына айналмақ. Келесі отырыс мамырда өтеді.